Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Қостанайда студенттер ақын Александра Сусловамен кездесу өткізді

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы ашылған болатын. 

Қостанайда студенттер ақын Александра Сусловамен кездесу өткізді

Елбасы саясатын насихаттайтын, Қазақстандағы достықтың, татулықтың нағыз үлгісін көрсететін кафедра қызықты шаралардың орталығына да айналған. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы студент жастарға айқын жұмыс бағытын меңзеді. Мақалада айтылғандай, «Туған жер» бағдарламасы бойынша өңір тарихын, тұлғаларын білу, ұлттық дәстүрді, салт-сананы жаңғырту, оған үлес қосу кафедра жұмысының бағдарына айналды. Осыған орай кафедра институтта Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ақын, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Александра Сусловамен кездесу өткізді.

Кездесуде Александра Ильинична өзінің шығармашылығы жөнінде, өлеңге қалай келгенін, өмір жолын әңгімелеп берді. Сонымен қатар өлеңдерін оқыды. Ол бүгінде «Солнце на реснице», «Прикосновение», «Рябиновый привкус», «С кем поведешься», «Давай дружить» атты кітаптардың авторы. Александра Ильиничнаның  Қазақстан, туған жер, табиғат, қазақтар дәстүрі туралы патриоттық және бүлдіршіндерге арналған өлеңдері жастардың ыстық ықыласына бөленді.

«Мен бақытты адаммын. Қазақстанға екі жарым жасымда келген екенмін, өстім, өндім, білім алдым, ұстаз, ақын атандым. Өлеңдерімде Ресей, сен кең байтақсың, бірақ Қазақстанды сағынамын, ол – менің үйім ғой» деген ой айтқан едім», дейді ақын Александра Суслова.

«Мұндай жастарды рухани байытатын кездесулер өте қажет. Жастар екі сағат бойы ақын өлеңдері мен әңгімелерін ұйып тыңдады, оған сұрақтар қойды. Әдебиет те біздің ұлттық кодымызды, ұлттық тамырымызды сақтайтын құралдың бірі. Елбасы мақаласында бүгінгі жастардың заманауи, бәсекеге қабілетті білімді болуымен қатар, мәдениеттің, рухани байлықтың да маңыздылығы айтылды. «Туған жер» бағдарламасы жастарға алдымен ұлтыңның, туған жеріңнің, өлкеңнің тарихын тұлғаларын, шежіресін, әдебиет, мәдениетін тануға  меңзейді. Кездесу де жастарға осыны түсіндіргендей болды», дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Ольга Евдокимова.  

Кездесуде институт студенттері ақын кешін ән-күймен өрнектеп отырды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай